вторник, 7 октября 2014 г.

Ұстаз

Көп еді көкірегінде жалынды ой,
Бәрі де сұм тағдырға бағынды ғой.
Басыңды бір көтерші қайран Тобық,
Халқың мен "Нәзік бұлтың" сағынды ғой.
Нұрлыбек Қалауов
                          
             Биылғы жылы Ақтөбе облысы бойынша "Оқитын өлке" акциясына талантты жазушы, қамшының сабындай  қысқа ғұмырында қазақ әдебиетіне мол мұра қалдырған жерлесіміз Тобық Жармағамбетовтың "Нәзік бұлттар" атты шығармасы ұсынылып отыр.
             Оның адамның жан дүниесі мен табиғатты ғажайып қуаныш пен сергектікке бөлеп,  шілдеде сіркіреп жауатын нәзік бұлттардан тамған маржан моншақтардай, сыршыл шығармалары хас зергердің қолынан шыққан бұйымдай мінсіз де құнды дүниелер болатын. Адам тағдырына қатысты түрлі детальдарды шеберлікпен пайдаланып, кейіпкер характерін ашуда, оқиғаны оқырмандар жүрегіне жеткізуде өзгеге ұқсамайтын, дара қолтаңбасы бар сыршыл да сырбаз суреткер еді. Жайсаң мінезі жан баласына жақсылық жасауға асығып тұратын Тобықтың табиғи шынайы болмысы оның шығармаларында да ұдайы көрініс беріп, оқырман жүрегін жақсылық жасауға асықтыратын, адам баласын ізгілікке қарай еліте баурап алып кететін.
             Жазушы Т.Жармағамбетов шығармаларының құдіреттілігі де осында.